"АҚМОЛА ОБЛЫСЫ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЕРЕЙМЕНТАУ АУДАНЫ БОЙЫНША БІЛІМ БӨЛІМІ" МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕСІ
ГОСУДАРСТВЕННОЕ УЧРЕЖДЕНИЕ «ОТДЕЛ ОБРАЗОВАНИЯ ПО ЕРЕЙМЕНТАУСКОМУ РАЙОНУ УПРАВЛЕНИЯ ОБРАЗОВАНИЯ АКМОЛИНСКОЙ ОБЛАСТИ»

    

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл

18.08.2025

15 тамыз – қазақтың ұлы композиторы, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың (1930-1992 ж.) туғанына 95 жыл. Ол Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданындағы Қарақоңыр ауылында дүниеге келген. Әкесі зергер, темір ұстасы болғанымен, домбыра мен қобызда шебер ойнаған өнерпаз адам еді. Анасы да ән салатын. Осындай өнерлі ортада өскен Шәмші бала кезінен музыкаға әуес болып, мандолинада ойнап, алғашқы әндерін жаза бастады.

Ол Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын тәмамдап, кейін Ташкенттегі музыка училищесінде, Алматы мемлекеттік консерваториясында білім алды. 1950 жылдан бастап шығармашылық қызметке бет бұрып, қазақ музыкасына жаңа серпін әкелді. Оның әндері жүрекке жылы тиетін әуезділігімен, шынайылығымен ел арасына кеңінен тарады.

Шәмші Қалдаяқовтың шығармалары туған жерге, Отанға, ата-анаға, махаббат пен достыққа арналған. Оның «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Қарқаралы», «Өмір-өзен» сияқты лирикалық әндері халық жүрегінен орын алды. Ал «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Бәрінен де сен сұлу» сынды жігерлі туындылары ұлттық рухты көтеретін ерекше әндерге айналды.

Композитордың ең танымал шығармаларының бірі – «Менің Қазақстаным» әні. Бұл ән 2006 жылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны ретінде бекітіліп, елдің басты музыкалық символына айналды.

Шәмші Қалдаяқовтың есімі мәңгілікке сақталды. 1992 жылдан бастап оның құрметіне арналған халықаралық ән фестивалі өткізіліп келеді. Шымкент қаласында облыстық филармония мен бір көше, Алматыда бір көше, Шәуілдір ауылындағы музыка мектебі сазгердің атымен аталады. Шымкент филармониясының алдында оның құрметіне ескерткіш қойылған.

1991 жылы композитор туралы «Жылдарым менің, жырларым менің» атты деректі фильм түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» атты естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді. Оның әндері бүгінгі күнге дейін халық арасында шырқалып, қазақ музыкасының алтын қорына енген мәңгілік мұраға айналды.

Просмотров: 251


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст