Мектептерде жаңа жылдық іс-шаралар өткізілмейді. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды "ҚазАқпарат"ХАА тілшісі.
"Мектептерге баратын оқушылар үшін мектептерде жаңа жылдық іс - шаралар өткізілмейді", - деді Айжан Есмағамбетова.
Брифинг барысында ол алдағы мерекелерге, атап айтқанда 1, 16-17 желтоқсанға қосымша карантиндік шектеулер қабылданатынын түсіндірді.
"Соңғы екі апта ішінде сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, қосымша шектеу шаралары қабылданды. Бүгінгі біздің міндетіміз — карантин шараларын сақтау. Әзірге осы эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, осы кезеңде қосымша карантиндік шаралар жоспарланбайды. Карантиндік шаралардың қатаңдығы эпидемиологиялық жағдайдың әр өңірде қалай қалыптасатынына байланысты болады. Эпидемиологиялық жағдай қалай қалыптасатыны әрқайсымызға байланысты", – деп түйіндеді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова.